М. Тынышпаевтың өмірбаяны



Мұхамеджан Тынышпаев, басқа да Алашордалықтар сияқты қазақ халқының болашағы туралы армандап, бірақ армандарына жете алмай кеткен ұлы тұлға.
М. Тынышпаев Орта Азиядағы маңызы зор темір жол — ТүркСібті салуға қатысқан қазақтың алғашқы инженер-теміржолшысы. ТүркіСібті салу кезінде, М. Тынышпаев «Теміржол - қазақ жеріндегі техникалық үрдіс пен әлеуметтік дамудың бастауы болады» деп қуанған болатын. Алайда ол өз ісінің жетістігін көре алмай кетті.
М. Тынышпаев 1879 жылы 12 мамырда бұрынғы Жетісу облысы, Лепсі уезі, Мақаншы-Садыр болысында (қазіргі Қабанбай ауданы) дүниеге келген.

Білім жолы –

1889-1900 жылдары Верный ерлер гимназиясында оқып, оны үздік бітіріп шығады.
1900-1906 жылдары Санкт-Петербургтегі І Александр атындағы жол қатынасы инженерлерін даярлайтын институтта оқыды.

Еңбек жолы –

1907-1910 М. Тынышпаев Ашхабад – Ташкент темір жол құрылысында Ерекше тапсырмалар жөніндегі инженер қызметін атқарды.
1911-1918 жылдары темір жолдың Урсатьев-Әндіжан бөлімшесінде бастық, бас инженер болып қызмет атқарды.
Одан кейін Жетісу темір жол бөлімшесінің Арыс-Әулиеата құрылысын басқарды.
1925-1926 жылдары жаңа астана Қызылорда қаласын көріктендіру жүйесінің бас инженері болып жұмыс жасады.
1924 жылдан бастап қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУде оқытушы болды. Осы жерде жүргенде гуманитарлық ғылымдарды дамытып, Өлкетану және қазақ руларының шежіресі мен тарихы саласында жазған еңбектері тарихшылар үшін әлі де құнды деректер қатарында. «Қырғыз-қазақ тарихы материалдары», «ХҮІІ-ХҮІІІ ғғ. Қазақтар», «Көксу тұрағы мен Қайлақ қалашығы», т.б. ғылыми еңбектері әлі де маңыздылығын жоғалтпады.

Саясатқа араласуы –

1906 – 1910 жылдары саяси өмірге белсене қатысып, Орыс төңкерістері кезінде Алашордалықтардың идеясына кеңінен араласа бастады.
1917 жылы шілдеде өткен Жалпы қазақтық съезде Жетісу облысынан Бүкілресейлік Құрыл­тай жиналысына депутаттыққа ұсынылады.
1917 жылғы желтоқсан айында жарияланған Алаш автономиясы үкіметінің он бес мүшесінің бірі болып, «Алаш автономиясы аумағындағы уақытша жер пайдалану туралы Ереженің» жобасын қабылдауға қатысады.
1918 жылы бүкілтүркістандық ІV-ші мұсылмандар съезіне қатысып, онда жарияланған Түркістан («Қоқан») автономиясының премьер-министрі болып сайланады.
1919 жылы Бүкілодақтық Атқару комитеті бұрынғы алашордалықтарға кешірім жариялағаннан кейін, ол Түркістан өлкесінің Семей халық ағарту комиссариатында жауапты қызметтер атқарады.
М. Тынышпаев алғаш рет 1928 жылы Кызылордада тұтқындалды.
1930-жылдары екінші рет тұтқындалғанда Воронежге жер аударылды.
1937 жылғы 17-қарашада үшінші рет тұтқынға алынды. Өмірінің соңына дейін Ташкентте  өмір сүріп, бір деректер бойынша атылған десе, бір деректер бойынша ауыр науқастан қаза тапты делінеді.

ТүркіСіб –

1926 жылдан бастап Тұрар Рысқұловтың қолдауымен Түркістан-Сібір жолын салуға қатысады.
Теміржолшы ретінде Мұхамеджан Тынышпаев бұл жобаға тәжірибелі инженер және жергілікті жердің ой-шұңқырын, ерекшеліктерін жақсы білетін адам ретінде тартылды. Сол кісінің арқасында, жолды салу жобасын дайындау кезінде М. Тынышпаев теміржолдың «Шоқпар» нұсқасын ұсынып, әріптестері мен басшылықты соны мақұлдауға көндірген. Нәтижесінде, бұл Түрксіб құрылысын бір жылға қысқартып, миллиондаған кеңес рублі үнемделген болатын.

Ақталып шығуы –

1959 жылдың 29-қыркүйегінде Мұхаметжан Тынышбаев Қазақ КСР-сы Жоғарғы сотының және 1970 жылы КСРО прокуратурасы мен Түркістан әскери округының прокурорының шешімімен ақталып шықты.
1993 жылы Мұхамеджан Тынышпаевтың туған жерінің маңындағы Қарғалы ауылында инженерге арналған алғашқы ескерткіш ашылды.
2000 жылдың 23 мамырында Қазақ көлік және коммуникациялар академиясына тұңғыш теміржолшы М. Тынышпаев есімі беріліп, кейінірек Академия «Қазақстан темір жолы ҰҚ» АҚ құрылымдық бөлімшесіне айналды.
Ал 2007 жылы Сарқан қаласында салтанатты түрде Мұхамеджан Тынышпаевтың мұражайы мен даңқты инженерге арналған тағы бір ескеркіш ашылды.

Академия өмірі –

Қазір Алматы қаласындағы М. Тынышпаевтың ескерткіші инженердің есімімен аталатын Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының алдынан да бой көтерген.
М. Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы Алаш қайраткерінің атын ғана емес, өнегелі мұрасын сақтап келе жатқан жалғыз жоғарғы оқу орны. Атап айтсақ, академия мұражайында Мұхамеджан Тынышпаевтың көзі тірісінде қолданған заттары сақталуда. Академия кітапханасында Мұхамеджан Тынышпаевқа арналған кітаптар мен оқулықтар бөлімі бар. Ол жерде Алаш қайраткері жайлы шыққан ғылыми еңбектер мен көркем әдебиеттер қоры сақталып, студент жастардың көзайымына айналуда. Сонымен қатар, Мұхамеджан Тынышпаевтың туған күніне орай жыл сайын академия қабырғасындағы ескерткішке гүл қою салтанаты өтіп, іс-шараға Алаш қайраткерінің туған-туыстары шақырылады. Арнайы дастархан жайылып, Алаш қайраткеріне дұға бағышталады. Іс-шара барысында студенттер  Алаш қайраткеріне арналған өлеңдерін оқып, мүшәйра жасайды.
Осындай іс-шаралардың арқасында Мұхамеджан Тынышпаевтың есімі жастар арасында кеңінен насихатталып, өмір жолы мен жеткен жетістіктері жастарға үлгі ретінде көрсетілуде.